NFACTORIAL CHALLENGE ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Мобильді қосымшаларды жасау nFactorial Challenge чемпионаты аяқталды. Алматы, Қарағанды және Астанада өткен чемпионатты Академик Ш.Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры мен ZeroToOneLabs компаниясы бірлесіп өткізді. Қатысушылар саны 270-тен асты. 

Нұрсұлтан Асқарбекұлы және Нұрсұлтан НұрмұхановНұрсұлтан Асқарбекұлы және Нұрсұлтан Нұрмұханов Арман Сүлейменов және Сәкен СыдықовАрман Сүлейменов және Сәкен Сыдықов

Чемпионат 21-қаңтарда Алматыда басталып, 11-ақпанда еліміздің астанасында аяқталды Байқаудың қазылар алқасының құрамына Қайрат Ахметов (Open Technologies Group), Рашид Дюсембаев (Mega Startup Lab), Рахым Ошақбаев ("Талап" қолданбалы зерттеулер орталығы), Ернұр Рысмағамбетов (АӨҚО АҚ), Қайрат Айтпаев (National Laboratory Astana), Александр Соколов (Flip.kz), Александр Бондаренко (Wooppay) және басқалар кірді. IT саласындағы сайыстың жеңімпаздары болып Нұрсұлтан Асқарбекұлы, Бауыржан Орынбасар және Сәкен Сыдықов іріктелді. Үшеуінің әрқайсысы АҚШ-тың Кремний алқабының ең үздік инкубаторында өтетін 3 айлық тағылымдаманы қамтитын ақшалай жүлде – грант иегері болды.  Тағылымдама кезінде отандастарымыз бағдарламалау білімін жетілдіріп, мобильді қосымшаларды жасаумен айналысады.   

 

– Бағдарламалау мамандарына бұл бағасыз мүмкіндік. Ең үздіктерін іріктеу оңайға түскен жоқ.  Қуантарлығы, байқауға тәжірибесі мол болмаса да оқушылар қатысып, мақтауға тұрарлық идеяларды ұсынды.  Еліміздің ең бағалы ресурсы – бұл адами капитал екеніне көзім тағы бір мәрте жетті.  Осындай байқаулар Казақстанда IT индустриясын дамыту үшін берік тұғырнамасы қалыптасады деген үмітім бар, - деп қазылар алқасына мүше болған байқаудан алған әсерімен қордың қызметкері Нұрсұлтан Нұрмұханов бөлісті.  

Байқаудың идеялық авторы Арман Сүлейменов те (ZeroToOneLabs) өзінің ойымен бөлісті: 

- Бізге 327 өтінім келіп түсті, олардың арасынан 222 үміткердің презентациясын тыңдап, 3 жеңімпазды анықтадық. Олар Академик Ш.Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры табыс еткен гранттың арқасында осы жаз маусымының 3 айын Кремний алқабында өткізетін болады. Әлемдегі жазғы бағдарламалау академияларының ең танымалы Make School-де 8 апта, содан соң Сан-Францисконың технологиялық компанияларында 4 апта машықтану мүмкіндігі болады. 

 

Жеңімпаздар туралы қысқаша айтып кетсек. Астаналық Нұрсұлтан – 25 жаста, Эдинбург университетінің бакалавр дәрежесін иеленуші, KazPost, тағы да басқа компанияларды жұмыс тәжірибесі бар. AppStore дүкенінде бар араб тілін үйренуге арналған Joode қосымшасының авторы.  Дизайнер, Халықаралық ІТ Университетінің түлегі Бауыржан Орынбасар – алматылық, 24-те.  Салауатты өмір салтын дағдыландыратын мобильдік қосымшасының авторы.  Үшінші жеңімпаз да алматылық, 23 жасар Сәкен Сыдықов республикалық физика-математика мектебінде оқыған, Android операциялық жүйесіне жазылатын қосымшалардың жазатын Techgarden (2015) және Hackday (2016) жеңімпазы.  Баскетбол ойынының әуесқойы Сәкен сонымен қатар музыкалық аспаптарды меңгеріп, қазірде Қазақстан-Британ техникалық университетінің инновациялық жобаларды іске асыру бөлімінде бағдарлама жасаушы болып еңбектенуде.